Үкімет басшысы мүгедек жандарды еңбекпен қамту бойынша министр мен әкімдерге міндеттер жүктеді

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов еңбекке жарамды мүгедек жандарды еңбекпен қамту бойынша министр мен әкімдерге міндет жүктеді.

Үкімет отырысы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы бос жұмыс орындары бар электрондық еңбек биржасы жұмыс істейді. Осындай жұмыс орындарына мемлекет субсидия беріп отыр. Алайда, еңбекке жарамды мүгедектігі бар жандардың тек 39%-ы ғана жұмыс таба алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктер және бизнеспен бірлесіп, осы проблемаға ерекше назар аударуы қажет. Егер мүгедектігі бар адам жұмыс істеуге қабілетті болса және жұмыс істегісі келсе, оған міндетті түрде көмектесу керек», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Одан әрі Премьер-министр инватакси мәселесін көтерді.

«Елімізде 150-ге жуық инватакси қызметі жұмыс істейді. Оған сұраныспен қатар кезек те өте көп. Сондықтан әкімдіктер инватакси қызметтерін қолдап, автокөлік паркін арттыруға жағдай жасауы қажет», - деп тоқталды О. Бектенов.

Бұған дейін Премьер-министр әкімдер мен министрлерге мүгедек жандардың мәселесін шешіп, жағдай жасауда штаттан тыс кеңесшімен жұмыс істеу идеясын ұсынды. 

Одан бөлек, Үкімет басшысы мүгедек жандар үшін жасалып жатқан жұмыстарды мардымсыз деп бағалады.

Айта кетсек, мемлекеттік органдарға жыл басынан бері мүгедек жандардан 16 мыңнан астам арыз-шағым түскен.

 

Соңғы жаңалықтар