Әкімдер мен министрлердің мүгедек жандар бойынша кеңесшісі болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерге мүгедек жандардың мәселесін шешіп, жағдай жасауда штаттан тыс кеңесшімен жұмыс істеу идеясын ұсынды.
«Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Алматы қаласының әкімі мүгедектігі бар штаттан тыс кеңесшімен жұмыс істейді. Кеңесші осы санаттағы азаматтардың проблемаларын шешуге көмектеседі. Бұл тәжірибені барлық өңір мен құзырлы мемлекеттік органдар пайдалануға тиіс. Әлеуметтік саясаттың жаңа стандарттарын жасау мен ілгерілету жұмысын жалғастыру қажет», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Айта кетейік, Премьер-министр еліміздегі мүгедек жандар үшін жасалып жатқан жұмыстарды мардымсыз деп бағалады.
Сондай-ақ, жыл басынан бері мүгедек жандардан 16 мыңнан астам арыз-шағым түскен.