Жыл басынан бері мүгедек жандардан 16 мыңнан астам арыз-шағым түсті – Үкімет отырысы
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері мемлекеттік органдарға мүгедектігі бар адамдардан 16 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.
«Ауыр патологиясы бар балаларды ерте анықтау, оларды емдеу және оңалту мәселелері де өзекті. Денсаулық сақтау министрлігі мүгедектіктің алдын алу үшін ерте диагностикалау және ерте ем көрсету жөніндегі жұмыстарды сапалы тұрғыда жақсартқаны жөн. Педагогтердің бәрі бірдей мүгедектігі бар балалармен жұмыс істей алмайтыны жасырын емес. Ондай санаттағы балалардың білім алуы үшін үлкен мектептерді бейімдеу де күрделі шаруа», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Осы орайда Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрліктеріне ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтерді даярлауды түбегейлі жақсартуды тапсырды.
«Жыл басынан бері мемлекеттік органдарға мүгедектігі бар адамдардан 16 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Олардың негізгі бөлігі сараптама жүргізуге, қайта куәландыруға, оңалтуға және жұмысқа орналасуға байланысты. Сондықтан барлық әлеуметтік қызметтер өз жұмысын жандандырып, әрбір проблеманы тікелей қарауы керек», - дейді О. Бектенов.
Айта кетейік, Премьер-министр еліміздегі мүгедек жандар үшін жасалып жатқан жұмыстарды мардымсыз деп бағалады.