Үкімет басшысы сатып алу рәсімдеріндегі кедергілерді жоюды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Отандық өндірушілермен жасалатын шарттардың көлемін ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
- Өнеркәсіп министрлігінің кластерлік даму моделіне қатысты ұсынысын қолдаймыз. Бұл қолда бар қуаттар мен жергілікті өндірушілердің әлеуетін барынша жұмылдырып, экономиканың өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаржы министрлігімен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін сатып алу рәсімдеріндегі кедергілерді жою бойынша шаралар қабылдап, отандық өндірушілермен жасалатын шарттардың көлемін ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кәсіпорындардың өтініштерін ескере отырып, Қазақстан тауар өндірушілер тізілімін қысқа мерзімде жетілдіріп, меншікті өндірістің бар-жоғын онлайн режимде тексеруді қамтамасыз ету үшін оның мемлекеттік органдардың дерекқорларымен ықпалдастыру аясын кеңейтуді тапсырды.
- «Халықтық құрылыс» бағдарламасын кең ауқымда жүзеге асыру басталып жатыр. Өнеркәсіп министрлігі әкімдіктермен, «Бәйтерек» холдингімен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, аталған бағдарламаға отандық өндірушілердің қатысуын қамтамасыз етсін. Жобаларды қалыптастыру кезінде тауар өндірушілер тізіліміндегі қолда бар өнімді ескеру, тауарларға қажеттілікті алдын ала жариялау және сатып алу мен жеткізу мерзімдерін ескере отырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға қажетті қаржыландыру тетіктерін қамтамасыз ету керек, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, елімізде әлемдік брендтердің жүк көліктерін шығару қолға алынды.