Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Бектенов Президенттің тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.

Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды
Фото: Үкімет

Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына екі кандидат — ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен ШҚО Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновты ұсыну туралы хаты оқылды.

Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды
Фото: Үкімет

Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттар Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасын қолдады, оған 148 депутаттың 104-і дауыс берді, Арман Бекбосыновты 41 депутат жақтады.

Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановты тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Нұрымбет Сақтағанов
Фото: Үкімет

Облыс активімен кездесуде Олжас Бектенов Ермек Көшербаевқа нәтижелі жұмысы мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысына шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тартылғаны атап өтілді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыста инфрақұқрылымдық және әлеуметтік жаңа нысандар іске қосылды.

Жаңа әкімді таныстырған Премьер-министр Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысы басшылығы алдына қойған міндеттерге тоқталды. Іске асыру халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, өңір экономикасының дамуына серпін беретін перспективалы бағыттар айқындалды. Басым жобалар қатарына шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, цифрлық шешімдерді енгізу жатады. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.

Табиғи демалыс аймақтары мен тарихи-мәдени орындарды дамыту арқылы туристік әлеуетті ашуға ерекше назар аударылды. Бұқтырма су қоймасы арқылы еліміздегі ең ірі көпірдің ашылуы, Қатонқарағай және Зайсан курорттық аймақтарында әуежайлардың салынуы сала мен жалпы экономиканың дамуына қосымша серпін береді.

Басым міндеттер қатарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, өнеркәсіпте заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдер қолдану және басқа да мәселелер белгіленген.

Бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар