Үкімет басшысы цифрлық теңгеге қатысты негізгі міндетті атады

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы саласын цифрлық трансформациялауға ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

с
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

- Бюджеттік жоспарлау, қазынашылық атқару, мемлекеттік активтерді басқару және аудит – барлығы бірыңғай цифрлық жүйеге қосылуға тиіс. Заң бұзу деректерін анықталғаннан кейін ғана тіркемей, олардың алдын алуға көшу керек. Ал бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерге қатысты шешімдер болжамды талдау негізінде қабылдануы керек, - деді О.Бектенов.

Оның айтуынша, цифрлық теңге осы жүйедегі құралдардың біріне айналып, бюджет қаражатының толық қадағалануын және смарт-келісімшарттарды қолдануды қамтамасыз етуі қажет.

- Түптеп келгенде, біз төлем жасалғаннан кейінгі бақылаудан тікелей төлем сәтіндегі бақылауға көшуге тиіспіз. Азаматтар мен бизнес үшін салық саласындағы әкімшілендіру барынша байқалмайтын әрі сервистік сипатқа ие болуы керек. Мемлекетте қазірдің өзінде деректердің едәуір көлемі бар, сондықтан салықтар автоматты түрде есептеліп, есептілікті алдын ала толтыру қажет. Бақылау адал жұмыс істейтін бизнеске емес, ең алдымен, нақты тәуекелдерге бағытталуға тиіс. Қаржы министрлігі екі ай мерзімде мемлекеттік деректер мен тәуекелдерді бағалау модельдері негізінде автоматты түрде шешім қабылдауға болатын басым бюджеттік, салық және бақылау процестерін айқындап, оларды нақты іске асыруға кіріссін, - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, 2029 жылға қарай IT-экспортты кемінде 2 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған.