Үкімет бейітке арналған жер телімін сатқандарға айыппұл салмақшы

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына берген жауабында марқұмды жерлеумен байланысты қызметтердің бағасын мемлекет реттей алмайтынын мәлім етті. 

Үкімет бейітке арналған жер телімін сатқандарға айыппұл тағайындамақшы
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Депутат сауалында адам бейітке арналған жерді заңсыз беретіндерге жаза тағайындау керектігі айтылған болатын.

— Үкімет бейітке арналған жер телімін заңсыз беріп сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтайды. Оның ішінде заңнамалық актілерге түзету енгізу мүмкіндіктері де қарастырылады, — деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.

Сондай-ақ, Премьер-министр әр марқұмға 6 шаршы метр жер мемлекеттен тегін берілетіні айтылған.

— Жер кодексі 109-бабының 3-тармағы бойынша бейітке арнап жалпы қолданысқа алынған жер қорынан белгілі бір мекенде қайтыс болған тұрғынды немесе нақты тұратын орны жоқ марқұмды жерлеу үшін 6 шаршы метрден кем болмайтын телім тегін беріледі, — деп жазады Олжас Бектенов.

Жауапта діни жоралғылармен байланысты қызметтер әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің санатына кірмейтіндіктен оның бағасын мемлекет реттемейтіні айтылған.

— Бұл нарықта лицензиялау тетігі жоқ болғандықтан қызмет әкімшілері бейіт аумағында көрсетілетін қызметтердің бағасын өздері белгілейді, — делінген жауапта.

Бейітке арналған бос телімдерді анықтау үшін Жария кадастрлық картаның қызметіне жүгінуге болады.

— Жылжымайтын мүлікпен, жермен байланысты мәмлелерді жасау үшін Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрынан (https://map.gov4c.kz/egkn/ — ред.) бос және иесі бар телімдерді онлайн режимде көруге болады, — деп жазылған Премьер-министрдің жауабында.

Айта кетелік Алматыда жерлеу қызметі қанша тұратынын жазған едік

Соңғы жаңалықтар