Үкімет Бюджет кодексі аясында қаржы бөлуді шектеу және қатаң бақылау үшін пәрменді шаралар қабылдамақ
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл жыл соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
«Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойылған міндеттерді негізге ала отырып, экономикалық блоктың келесі бағыттары бойынша жұмыс жалғастырылады: бюджет саясатының тиімділігін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру, инвестициялық тартымдылықты арттыру, кәсіпкерлікті дамыту. Осы жылдың соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады деп күтіледі. Бюджет кодексінің аясында қаржы бөлуді шектеу және қатаң бақылау үшін неғұрлым пәрменді шаралар қабылданатын болады. Бюджет тапшылығын жабу көздерін іздестіру үшін ұтымды өтемақы тетігі енгізіледі», - деді ол.
Оның атап өтуінше, жергілікті бюджеттердің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бос ақшалай қаражатын алу үшін өтімділікті басқару құралын одан ары жетілдіру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс Парламент қабырғасында кодекс жобасын талқылау аясында жүргізіледі.
«Мемлекеттік қаржы параметрлерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет бюджет ережелері мен орта мерзімді нысаналы бағдарларды қолдануда бірізділікті сақтайды. Бюджет кірістерін ұлғайту мақсатында салықтық әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық базасын ұлғайту және тиімсіз жеңілдіктерді қысқарту жөніндегі шаралар қабылданады. Ұлттық қордың қаражатын стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдалану мақсатында жаңа Бюджет кодексінде нысаналы трансферттерді аса маңызды объектілер мен жалпы ұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға ғана пайдалану көзделген», - деді Нұрлан Байбазаров.