Үкімет фермерлердің жол талғамайтын бір көлігін салықтан босату ұсынысын талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин ауылдағы фермерлердің жол талғамайтын бір көлігін салықтан босатуды ұсынды.

джип
Фото: freepik.com

- Қаралып жатқан жаңа Салық кодексінің жобасына шаруа қожалықтарына арналған қозғалтқыш көлемі 5,7 литрге дейінгі бір жеңіл автокөлікті салықтан босату туралы ұсыныс берген едік. Бұл ұсыныс Үкіметтің қорытындысын алуға жолданған, бірақ әлі жауап келмеді. Осы жол талғамайтын көліктер негізінен алыс ауылдарға қатынауға, батпақ кезінде немесе қыста қалың қар түскенде мал іздеуге керек. Атап айтқанда, қозғалтқыш көлемі жоғары бұл көліктерді егін шаруашылығына пайдалануға тиімді. Қазір пайдаланып жүргеніне 15 жылға жетіп қалған осы автокөліктер өте сапалы. Жаңадан шығып жатқан көліктер осындай сапада емес, - деді Е.Сатыбалдин.

Оның пайымынша, фермерлер арасында қозғалтқыш көлемі 5,7 литрге дейінгі аталған ескі көліктерге сұранысы жоғары.

- Бұл автокөліктерді сән-салтанат мүлкі ретінде қарауға болмайды. Оны ауыл шаруашылығына пайдаланатын негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырған жөн. Сондықтан ауыл шаруашылығында тіркелген осы көліктердің біреуін салықтан босатуға қалай қарайсыз? - деп сұрады депутат.

Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл ұсынысты пысықтауға болатынын айтты.

- Бір көлікке қатысты қарастырып көрейік. Ауылда жүру үшін жол талғамайтын көлік керек. Оны дұрыс ұсыныс деп түсінуге болады, бірақ артық кетпейік. Ертең біреулерін қолдап жатыр, ал қаладағы бизнесмендерге жеңілдік бермей жатыр деген пайым болуы ықтимал. Атап айтқанда, жаңағы ұсынысты талқылайық, - деді С.Жұманғарин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Салық кодексінің жаңа редакциясында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегін 40 млн теңге деп белгілеу ұсынылып отыр. 

Соңғы жаңалықтар