Үкімет ынталандыру тәсіліне көшті – Баталов салық реформасы жайлы
АСТАНА. Kazinform – «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов қосылған құн салығы мөлшерлемесін көтеру бастамасын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Оның айтуынша, бизнес үшін еңбек ақысын төлеу қорының жүктемесі – маңызды тақырып.
Бастамада кәсіпкерлерді әлеуметтік салықтар мен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарынан босатып, оның өтемі ретінде қосылған құн салығы мөлшерлемесін көтеру айтылған.
— Біз қазынаны толтырып, бизнесті «көлеңкеден» шығару керегін қолдайтынымызды тағы да айтамыз. Бірақ бұндай істі ынталандыру арқылы жүзеге асыру керек деп санаймыз. Бұл орайда Үкіметтің де «еңбек ақысына салықты төмендету» арқылы осы тәсілді қолданғалы отырғанын көреміз. Бизнес үшін бұл әжептәуір салық. Ол өзіндік құнды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Оны төмендету оң әсер береді, - дейді ҰКП басқарма төрағасы.
Райымбек Баталов қосылған құн салығын көтеру тауар мен қызмет бағасының жоғарылауына ықпал ететінін жоққа шығармайды. Дейтұрғанмен, жаңа мөлшерлеме 16-20 пайыз аралығында қарастырылып отырғанын, ал қазіргі мөлшерлеме 12% екенін айтады.
— ҚҚС қанша пайыз көтерілсе, тауар мен қызмет бағасы сонша көтеріледі. Екінші жағынан ҚҚС әдістемесін де қайта қарау керектігін айтып отырмыз. Сондықтан біз өз тарапымыздан шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені түрлі тәсілдер арқылы жеңілдетуді ұсынамыз. Белгілі бір ынталандыру шаралары жасалсын, нақты жобалар арқылы инфрақұрылым жағдайы жақсартылсын дегендей, - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы.
Одан бөлек, ол Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан банктердің экономиканың нақты секторларын дамытуға қатысуы туралы бастамасына қатысты пікірін айтты.
— Президент әділ жолды айтты. Банктер қиын кезге тап болғанда, мемлекет көмектесті. Ал қазір банктердің табысы артты ғой. Олар өздерінде кезінде көмекке деп берілген қаржыны ұстап қалып отыр. Президент экономиканы, шағын және орта бизнесті қаржыландыруда қандай кедергілер барын атап көрсетті. Бұл кепіл, гарантия, кепілдендіру қорына қатысты мәселелер. Мемлекет басшысы осы мәселелерді шешу бойынша Ұлттық банкке тапсырма берді, - деді ол.
Айта кетсек, кеше ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қазіргі салық жүйесі мемлекетке қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз ете алмай отырғанын, салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру керектігін айтқан болатын.
Кейін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Жұманғарин ҚҚС шегін көтеру қажеттігін түсіндірді.
Мемлекет басшысы бұл реформаны мақұлдағанын айтты.