Үкімет келесі жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге трансферт тартады

трансферт
Фото: Kazinform

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Ұлттық қордан 2024 - 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды Kazinform.

«Бюджеттің кіріс бөлігіндегі кепілдендірілген және нысаналы трансферт көлемі Ұлттық қордың жинақ функциясын қамтамасыз ету жөніндегі Бюджет кодексінің ережелерін ескере отырып айқындалған. Сіздердің қарауыңызға ұсынылған Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңы осы талаптарды ескере отырып әзірленді. Бұл ретте Үкімет кепілдендірілген трансферттің мөлшерін екінші жыл бюджеттік қағидаларды қолдана отырып анықтап отыр. Бұл қағидалар Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге және оның валюта активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге ықпал етеді», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, заңда мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ долларын, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2 – 41,8 доллар деңгейінде белгіленген.

Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңгеден 2024-2026 жылдары жыл сайын 2 трлн теңгеге дейін төмендеумен айқындалды.

«Сондай-ақ 2024 жылы ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарланып отыр. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд АҚШ долларына дейін қалпына келтіріліп, одан әрі 2025-2026 жылдары 80,7 – 93,3 млрд долларға дейін өседі деп ескерілген», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар