Үкімет қосылған құн салығын реформалауға қатысты ұсыныс енгізген жоқ – Мәжіліс депутаты

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет қосылған құн салығын реформалауға қатысты Мәжіліске әлі ұсыныс енгізген жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева айтты.

Татьяна Савельева
Фото: parlam.kz

«Қосылған құн салығы мөлшерлемесін арттыру мәселесін жаңа Үкімет күн тәртібінен алып тастады. Ал бұл салықтың өзін пысықтау онда бар барлық жеңілдіктерді талқылаумен қатар жүруі тиіс де ойлаймын. Онсыз талқылау дұрыс емес сияқты. Сондықтан да Үкіметтің қосылған құн салығына қатысты не ұсынатындығын қарайтын боламыз. Сонымен қатар салықтық жеңілдіктерді қайта қарау бағытындағы жұмыс аясында қазір қолданыстағы жеңілдіктерді міндетті түрде қараймыз», - деді депутат агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Осы орайда депутат Үкімет тарапынан ҚҚС-қа қатысты ұсыныс Мәжіліске әлі түспегендігін баса айтты.

«Әзірше, көтеруге (ҚҚС-ті көтеру) қатысты сөз болып отырған жоқ. Одан бас тартылған еді», - деді Татьяна Савельева.

13 ақпанда өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов қосылған құн салығының өспейтінін мәлім еткен еді.

«Қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді. Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің шығыс және кіріс бөлігін сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуі керек», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар