Үкімет ҚТЖ-ға тиесілі теміржол магистральдерін дербес ұлттық компанияға беруден бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дан магистралдық теміржол желісін шығару орынсыз. Премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай ұстаным айтылған.

Мәселенің мәнісі
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ІРО-ға шығарылатыны туралы хабар тарағаннан бері Көлік министрлігінің бұл бастамасын сынаушылар көп. Соның бәрі «ҚТЖ»-ны ІРО-ға шығару теміржол саласындағы монополияны жекешелендірудің құйтырқы амалы дегенге саяды.
Сауал жолдаған депутаттар теміржол магистральдері стратегиялық нысан екенін, «ҚТЖ-ны» қазіргі құрамымен ІРО-ға шығару стратегиялық активті жекешелендіріп беру болатынын айтып дабыл қаққан.
Депутаттардың уәжі
- Магистральдық теміржол желісі, стратегиялық мемлекеттік актив болып табылады, ал оны басқару, мемлекет, бизнес және қоғам мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуі қажет. Акцияларының 100 пайызы мемлекетте қалуы тиіс және сатылуға жатпайтын ұлттық инфрақұрылым операторын бөлек заңды тұлғаға бөлмей, «ҚТЖ» АҚ IPO-ға шығару, мүдделер қақтығысын тудырады. Өйткені жеке инвесторлар, Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын ұзақ мерзімді түрде дамытуға емес, пайдасын барынша арттыруға мүдделі болады. «ҚТЖ» АҚ құрамынан бөлек заңды тұлғаға бөлу жолымен, магистральдық теміржол желілерін алып тастай отырып, ҚР Үкіметінің № 908 Қаулысына өзгерту енгізілсін, - делінген сауалда.
Үкіметтің ұстанымы
Үкімет «ҚТЖ» ІРО-ға шығарылған күннің өзінде негізгі бақылау тетігі «Самұрық Қазынаның» қолында болатынына сендіріп отыр.
- «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның IPO-ға шығуы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, оның шеңберінде басқа ұлттық компаниялардың IPO-сына ұқсас 25 %-дан аспайтын көлемде акцияларды сату болжанады. Осылайша, ұлттық оператор акцияларының бақылау пакеті «СамұрықҚазына» ҰӘҚ» АҚ-да сақталады. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дан магистралдық теміржол желісін шығару орынсыз болып көрінеді, - деп жазады Олжас Бектенов.
ҚТЖ-ның IPO-ға шығуға дайындалып жатқанын бұған дейін де жазған едік.