Үкімет Құлсарыда балабақша мен мектеп салуға 7,7 млрд теңге бөледі
АСТАНА. KAZINFORM – Көктемде тасқынға ұшыраған еліміздің батыс аумағындағы өңірлерде білім ошақтарын қайта салу, қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Толығырақ Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтып берді.
«Атырау облысында 4 мыңнан астам бала оқитын 11 нысанды су басты. Бүгінде №8 жалпы білім беру мектебі бойынша қалпына келтіру жұмыстары аяқталды және 6 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліліп жатыр, жұмыстар 70%-ға орындалған Сонымен қатар №19 мектепте күрделі жөндеу басталды, оны келесі жылы аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, Құлсары қаласындағы 280 орындық балабақшаның және жатақханасы бар «Білім-инновация» лицейін құрылысына Үкімет резервінен 7,7 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, құрылысы 2025 жылы аяқталмақ. Ал балалар әзірге басқа мектептерде оқып жатыр», - деді Еділ Оспан Үкімет отырысында баяндай отырып.
Одан бөлек, вице-министр Ақтөбе және БҚО-дағы білім беру ошақтарының жағдайына тоқталды.
«Ақтөбе облысында 4 772 оқушы білім алатын 13 нысан тасқын зардабын шекті. Қазір 4 нысанда қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, күрделі жөндеу 4 нысанда жалғасуда, олар 90%-ға дайын. Сонымен қатар, 5 білім беру нысанның құрылысы басталды, оған Үкімет резервінен 6,2 млрд теңгеге бөлінді, келесі жылы аяқтау жоспарлануда. Оқушылар уақытша білім ошағымен қамтылды. Ал БҚО-да 1500-ден астам бала оқитын 5 нысан су астында қалды. Бүгінде жөндеу жұмыстары 3 нысанда аяқталды. Облыстық экологиялық-биологиялық орталықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, құрылыс жұмыстарының деңгейі 80%-дан асты. «Еуразия» балалар сауықтыру лагері бойынша күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, ол мемлекеттік сараптаманың қарауында», - деп толықтырды министрдің орынбасары.