Үкімет: мұғалімдер жүктемесі азаяды, ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады
АСТАНА. KAZINFORM — Атаулы әлеуметтік қолдау көрсету бөлігінде жыл соңына дейін жаңа цифрлық тәсілдерді сынақтан өткізу аяқталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Президент Жолдауын іске асыруды талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.
— Әлеуметтік саясат және адами капиталды дамыту саласында азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған негізгі бастамаларды атап өтейін. Халықтың табысын арттыру үшін ең төменгі айлық жалақы мөлшері 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі. Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің учаскелік қызметі мамандарының жалақысы тәжірибесі мен жүктемесіне қарай сараланған қосымша төлемдер есебінен арттырылатын болады, — деді Серік Жұманғарин.
Оның сөзіне қарағанда, атаулы әлеуметтік қолдау көрсету бөлігінде жыл соңына дейін отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдерін пилоттық сынақтан өткізу аяқталады, мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады.
— Білім беру саласында келесі жылдың соңына дейін балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте бағалау бойынша мәселе пысықталатын болады. Сонымен қатар, мұғалімдер қауымын институционалдық қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Педагогтарге түсетін артық жүктемені есептер санын азайту, оның ішінде цифрлық платформалар мен жүйелердегі есептерді қысқарту есебінен айтарлықтай төмендету жоспарланып отыр, — деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» жобасы мақұлданып, тиісті қаулы қабылданды.