Үкімет өнімдерді экспортқа шығаруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға тиіс - Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін ашылған жаңа мүмкіндіктерге тиімді пайдалану керек Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Үкімет
Фото: Үкімет

- Алдымызда тұрған тағы бір маңызды міндет — мал шаруашылығын дамыту. Мемлекет бұл салаға нақты қолдау көрсетіп келе жатыр. Кейінгі жылдарда ата кәсіппен айналысатын бизнес өкілдеріне несие беру көлемі ұлғайды. Асыл тұқымды мал сатып алуға баса назар аударылатын болды. Жаңа фермалар мен бордақылау алаңдары салынып жатыр. Мәселен, былтырдан бері 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды, 33 бордақылау алаңы салынды. Енді осы өндіріс орындарының тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасау қажет, -деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, шаруашылықтарды сапалы жемшөппен қамтамасыз еткен жөн. Дайын өнімді өткізу мәселесі де шешімін табуға тиіс. Жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіруге және егістік көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлген абзал. Су көздері де шаруа қожалықтары үшін қолжетімді болуы керек.

- Бұған қоса, ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беру қажет. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының ұйғарымына сәйкес, Қазақстан ящур ауруынан таза аймақ ретінде мойындалды. Бұл — ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз. Соны тиімді пайдалану керек. Мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет. Үкімет өнімдерді экспортқа шығаруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.