Үкімет өрт қауіпсіздігі бойынша дайындықты күшейтуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және АӨК-ті дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтты.

Үкімет өрт қауіпсіздігі бойынша дайындықты күшейтуді тапсырды
Фото: Үкімет

Осы жылдың ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Мемлекет басшысының ветеринариялық инфрақұрылым деңгейін одан әрі арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп ветеринариялық іс-шараларды уақтылы және тиімді жүргізуді қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

— Министр атап өткендей, Қазақстан аусылдан таза ел мәртебесіне ие болды. Біз алдағы уақытта да осындай мәртебеге сай болуымыз керек. Сонымен қатар мал шаруашылығының тұрақты дамуы ветеринариялық қауіпсіздік деңгейіне тікелей байланысты. Аурулардың алдын алу мен бақылаудың тиімді жүйесі болмаса, мал басының өсуін, өнімділікті арттыру және өнім сапасын жақсарту мүмкін емес. Осыған байланысты ішкі нарықтағы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету өте маңызды, — деп атап өтті Премьер-министр.

Әкімдіктерге базарларда ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды күшейтуді, оның ішінде ветеринариялық-санитариялық талаптардың қадағалануын және сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Өңірлерде ветеринариялық инфрақұрылымды салу және жаңғырту бойынша міндеттер қойылды.

— Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясат тиімділік пен аграршылардың адалдық қағидаттарына негізделіп қалыптастырылады. Сонымен қатар әкімдіктер бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тұрақты бақылауда ұстауы қажет.

Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында аграрлық өндірістің барлық кезеңіне — егістіктен бастап сауда сөресіне дейін цифрлық құралдарды енгізу талап етіледі.

Сондай-ақ ауыл-аймақта жайлы өмір сүруге жағдайлар жасау маңызды. Зенченко, Ералиев, Сауэр, Құрманқұлов шаруашылықтарының ауылдары секілді мысалдар елімізде аз емес, алайда олардың саны арта түсуі тиіс. Мемлекет олардың дамуын жан-жақты қолдап, ынталандыратын болады, — деп атап өтті Премьер-министр.

Сонымен қатар ағымдағы бірқатар өзекті мәселені шешу бойынша тапсырмалар берілді:

ауыл шаруашылығының қосымша бағыттарын дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» ҰБХ жылыжайлар, бау-бақша және балық шаруашылықтарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын іске қосу жөнінде (жеке инвестициялар мен МЖӘ тетіктерін ескере отырып) қысқа мерзімде ұсыныстар енгізу;

жеңілдетілген қаржыландыру алу кезінде мал өсірушілердің қажетті кепілінің болмауы мәселесін шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қаржы министрлігіне және «Бәйтерек» ҰБХ қарыздарға кепілдік беру тетігін жедел түрде енгізу тапсырылды;

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қазақстандық аграршыларды отандық минералды тыңайтқыштармен толық көлемде және тұрақты бағамен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау;

шегірткелердің таралуына жол бермеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп 2,2 млн гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау, зиянкестер ошақтарын оқшаулау;

Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне су ресурстарын ұтымды пайдалану және су үнемдеу технологияларын қолдану бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.

— Дала мен орман өртінің қаупі күшейіп отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп азаматтық қорғау қызметтері мен күштерінің жоғары әзірлігін қамтамасыз етуі қажет. Өрт сөндіру техникасының, байланыс жүйелерінің және жанар-жағармай қорының дайындық деңгейін тексеру керек. Сондай-ақ алдын алу шаралары аясында орман және дала алқаптарын, әсіресе елді мекендер мен егістік жерлерге жақын аумақтарды қураған шөптер мен өсімдік қалдықтарынан тазарту жұмыстарын жүргізу қажет, — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Аталған барлық тапсырмалардың сапалы орындалуын бақылау Ауыл шаруашылығы министрлігіне және облыс әкімдіктеріне жүктелді.

Еске салсақ Бектенов жұмыс орындарын ашпаған жер иелерінен жер қайтарылатынын ескерткен еді