Үкімет резервін пайдалану қағидалары өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Қаулыға 2026 жылғы 21 қазанда қол қойылды.

Правительство РК ҚР Үкіметі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Жаңа қағидаларға сәйкес, шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін резервтен қаражат бірнеше жағдайда бөлінуі мүмкін. Атап айтқанда, қаржыландыру Бюджет кодексінің 18-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар қаражатқа деген қажеттілік ағымдағы қаржы жылында туындауы және бюджеттік бағдарлама әкімшісінің өткен кезеңдердегі міндеттемелеріне байланысты болмауы керек.

Сондай-ақ елорданың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары резервтерінің қаражатын коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдардың залалдары мен берешегін өтеуге бағыттау мүмкіндігі жеке қарастырылған. Бұл норма оңалту рәсімінен өтіп жатқан, сонымен қатар электр және жылу энергиясын өндіретін әрі теңгерімінде 20-дан астам жылу көзі бар кәсіпорындарға қатысты қолданылады.

Өзгерістер бөлінген қаражаттың жұмсалуы туралы есептілікке қойылатын талаптарды да қамтиды. Қаржы жылы аяқталғаннан кейін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаражат қай резервтен бөлінгеніне қарай бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органдарға есеп беруге міндетті.

Есептерде қаражаттың қандай мақсатқа бөлінгені және оны пайдалану нәтижесінде қандай көрсеткіштерге қол жеткізілгені көрсетілуге тиіс. Бұдан бөлек, қаржыландырудың өзге көздері болмауының себептері негізделіп, тиісті шығындарды бюджетті қалыптастыру кезінде неліктен алдын ала қарастыру мүмкін болмағаны түсіндірілуі қажет.

Жаңа қағидалар 2026 жылғы 3 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске сала кетсек, 29 қарашада елімізде кезектен тыс мәслихат сайлауы өтеді. Саяси науқанға Үкімет резервінен қаржы бөлінеді.