Үкімет Ұлттық қорға тәуелділікті қалай азайтады
АСТАНА. KAZINFORM – Ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы Ұлттық қорға деген тәуелділікті азайтамыз. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан мақсатты трансферттерге тәуелділікті азайту және мұнайдан тыс кірістердің үлесін арттыру бағытында қандай нақты тетіктер қарастырылғанын сұрады.
Өз кезегінде Н.Байбазаров кейінгі кезде Ұлттық қордың әлеуетін күшейту тақырыбы белсенді талқыланып жатқанын айтты.
«Ұлттық қорды 100 млрд АҚШ долларына жеткізу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Әрине, осы меже стратегиялық мақсат саналады. Сондықтан Үкімет жүргізіп отырған фискалды саясат пен Ұлттық банктің ақша-несие саясатын сәйкестендіру, алшақтықты азайту бағытындағы жұмыстарды атқарып жатырмыз. Бұл тұрғыда қарастырылып отырған іс-қимылдың бірі – ол мақсатты трансферттердің көлемін шектеу. Яғни оны бюджеттегі ереже ретінде қарастырып, жыл сайын кепілдендірілген трансферт сияқты белгілі бір шектелген мөлшерде алып отыру ескерілген. Осы мәселені пысықтап жатырмыз. Шектеу тетіктері жайында жақын арада егжей-тегжейлі жауап береміз», - деді Ұлттық экономика министрі.
Оның айтуынша, Ұлттық қорға тәуелділікті азайту тұрғысында өнеркәсіпті дамытуға ерекше екпін қойылған.
«Қазір 17 ірі жобамен айналысып жатырмыз. Бұл жобалардың саны арта түседі. Екіншіден, инфрақұрылымдық ірі жобаларға қатысты ұлттық жоспарды қабылдадық. Жақында коммуналдық шаруашылық бойынша ұлттық жоспар пайда болады, яғни оны дайындап жатырмыз. Бәрін қамтысақ, осы жобаларды іске асыруға 100 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция керек. Оларды бюджеттен тыс инвестиция арқылы іске қосамыз. Соның есебінен экономикамыз өскен сайын салық базасы кеңейеді», - деді Нұрлан Байбазаров.
Осыған дейін биыл республикалық бюджеттің кірістері 14,1 трлн теңге көлемінде бағаланғанын, бұл бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмен екені туралы хабарладық, Себебін ҚР Ұлттық экономика министрі түсіндірді.