Үкімет үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын бекітті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджет туралы заң жобасы мақұлданды.

у
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Бюджет қаражатын барынша тиімді әрі уақытылы пайдалануды қамтамасыз ету, ағымдағы шығыстардың ұлғаюына жол бермеу, сондай-ақ шығыстарға қатаң бақылау орнату өте маңызды. Талқылауларды ескере отырып, 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдауды ұсынамын. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына дауыс берейік, - деді Премьер-министр.

Дауыс беру барысында Үкімет мүшелері үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қолдады.

- Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне Үкімет аппаратымен бірлесіп, Құрылтайға заң жобаларын енгізуді қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленгенін айтты. 

Бұл ретте 2027 жылы әлеуметтік саланың шығыстары 10,5 трлн теңге болады.