Үкімет жәрдемақылар төлеу шарттарын бекітті

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет қаулысымен жәрдемақылар тізбесін және оларды тағайындау, төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату шарттары, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау шарттары бекітілді.

2026 жылы Қазақстанда зейнетақылар мен жәрдемақылар қаншалықты өседі
Фото: Kazinform

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін құжатқа сәйкес мынадай жәрдемақылар бар:

• бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
• бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
• жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында оқып жүрген балаларын ескергенде төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар әрі олармен бірге тұратын көпбалалы отбасыларға берілетін, бала он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін ғана) берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
• «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
• мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
• өздері асырауында болған асыраушысы қайтыс болса, еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
• арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
• бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
• мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балалар) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы.

Отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесіне сәйкес жоғары («А» деңгейі) және ауқатты («В» деңгейі) әлеуметтік әл-ауқат деңгейлеріне жатқызылған адамдарға жәрдемақыларды, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлемді алу құқығы берілмейді.

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы:

- арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушының банк шоты бойынша үш және одан көп ай бойы шығыс операциялары болмағанда;
- хабар-ошарсыз кеткен адамдардың іздестіруде болу фактісі анықталғанда;
- ата-ана құқықтарынан және қорғаншы (қамқоршы) құқықтарынан айырылғанда, босатылған және шеттетілген қорғаншылар (қамқоршылар) туралы фактілер анықталғанда;
- арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушының Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткені анықталғанда;
- Қазақстан Республикасындағы шетелдіктің тұру ықтиярхатының, азаматтығы жоқ адам куәлігінің қолданылу мерзімі өткенде;
- арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушының сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны өтегенде;
- кепілдендірілген көлемнен тыс арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін адамдарды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында стационар жағдайында тұрғанда және толық мемлекеттік қамсыздандыруда болғанда;
- медициналық-әлеуметтік сараптамаға анық емес құжат тапсыру және (немесе) сараптамалық қорытындыны негізсіз шығару фактісінің анықталуы туралы хаттама ресімделгенде;
- арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау үшін ұсынылған құжаттар анық болмамағанда төленбейді.

Бұған дейін ауылға жұмыс істеуге барған ІТ-маманға қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетінін жазған едік.