Үкімет жол салуға алынған қарыздардың пайызын ақылы жолдар арқылы өтемекші

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында биыл 4 мың шақырым жол ақылы болатынын мәлім етті.

Үкімет жол салуға алынған қарыздардың пайызын ақылы жолдар арқылы өтемекші
Фото: Александр Павский/Kazinform

- Бюджетке түсетін жүктемені азайту және өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы» статусын кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазір республика бойынша ұзындығы 3 мың 200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді. 2024 жылы түсім 48 млрд теңге болды. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетін болады, - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуына қарағанда, олардан келетін түсім көлемі биыл 60 млрд теңгеге, келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жету керек.

- Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылып жатыр, - деді Марат Қарабаев.

Бұған дейін биыл елдегі автожолдардың ақылы учаскелеріндегі тарифтер орта есеппен 30 пайызға өсуі жоспарланғаны мәлім болған еді. 

Соңғы жаңалықтар