Үкіметке елімізде жарияланған реформаларды нақты іске асыратын мамандар келуі керек - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Үкіметтің отставкаға кетуіне қатысты пікір білдірді.

«Үкімет түрлі есептерді жариялап жатыр. Шын мәнінде, біздегі қымбатшылық өршіп барады. Елімізде азық-түлік, жанармай, автокөлік тым қымбат. Жалпы, осы жағдай халыққа ауыр тиіп отыр. Дегенмен, кейбір бағыттарда оңтайлы өзгерістер бар. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптен күткен реформаларды бастады. Осы өзгерістер біздің өмірімізді жақсартуға бағытталған. Тарихи кезеңдегі осы керемет шешімдерді тиісті деңгейде (Үкіметтің) жүзеге асырмауы салдарынан белгілі бір қиындықтар байқалып отыр. Халықтың ойындағы түсінбеушілік осының салдарынан болады. Өйткені, іске асырылып жатқан ауқымды реформалар бір жағынан дұрыс жеткізілмесе, екінші жағынан – Үкіметтің сөзі мен ісі сәйкес келмей тұр. Қазіргі жағдай бойынша геосаяси немесе басқа себепке сілтеп жатады, бірақ мәселені түпкілікті қарау керек», - деді Н. Әуесбаев.
Сонымен қатар ол Үкімет басшылығына қандай адам керек екенін айтты.
«Біріншіден, елін, Отанын сүйетін ұлтжанды адам келуі қажет. Ұлтжанды әрі мінезді адам болуы керек. Сонымен қатар, оның ұйымдастырушылық қабілеті, білімі, тәжірибелі маман болуы ескерілуі тиіс», - деді депутат.
Бұдан бұрын Президент Үкіметті отставкаға жібергенін жазған едік.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Роман Васильевич Склярға жүктелді.