Үкіметте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Үкіметте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Кеңесте бірінші кезекте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралды. Бүгінде сауықтыру іс-шараларымен 3 млн 363 мың бала қамтылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта осы санаттағы 72,8 мың бала жазғы демалыс және сауықтыру іс-шараларымен қамтылды.
Сонымен қатар елімізде жұмыс істеп тұрған 174 балалар сауықтыру орталығының 104-і лицензия алған. Лицензиялау жұмысын жеті облыс, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалалары ғана толық аяқтады. Ал Алматы облысында небәрі төрт, Түркістан облысында үш орталық лицензия алған. Абай облысында осы уақытқа дейін бірде-бір орталық білім беру және сауықтыру қызметін жүзеге асыруға лицензия алмаған.
Балалар сауықтыру орталықтарының қызметін тексеру қорытындылары мен қабылданған шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады. Қазіргі уақытта 87 балалар сауықтыру орталығында тексеру жүргізілуде, оның 26-сы аяқталған. Тексеру қорытындысы бойынша 20 орталықтан заңбұзушылықтар анықталды. Күннің ыстығына байланысты тамақтану сапасы мен тағам қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.
Қостанай облысындағы «Светофор» балалар сауықтыру орталығына қатысты жағдай жеке қаралды. Санитарлық талаптардың бұзылуына байланысты орталықтың қызметі тоқтатылды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев баяндады. Оның айтуынша, су айдындарындағы қауіпсіздікке, соның ішінде балалардың тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда суға түсуіне жол бермеуге ерекше назар аударылып отыр. Бұдан бөлек, балалар сауықтыру орталықтарында өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді. Нысандарға профилактикалық тексерулер жүргізіліп, балалар мен қызметкерлерді эвакуациялау бойынша практикалық сабақтар мен оқу-жаттығулар өткізілді.
Ішкі істер министрінің орынбасары жазғы каникул кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары ерекше бақылауда екенін атап өтті. Парктерді, скверлерді, сауда-ойын-сауық орталықтары мен спорт нысандарын патрульдеу бағыттары күшейтілді. Балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдау және алып жүру мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінге дейін 5 мыңнан астам алып жүру шарасы ұйымдастырылды.
Мәселені қорытындылаған Аида Балаева қауіпсіздік талаптарының мүлтіксіз сақталуын қатаң бақылауды тапсырды. Тамақтану сапасына, өрт қауіпсіздігіне, сондай-ақ балалардың су айдындары мен демалыс орындарындағы қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар вице-премьер балалар мен тәрбиешілер арасында қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын сақтау жөніндегі профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Кеңесте қаралған екінші мәселе – инклюзивті білім беруді дамыту жайы. Инклюзивті білім беруді дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспарының жобасын оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова таныстырды.
Салалық ведомство алғаш рет баланы сүйемелдеудің барлық кезеңін қамтитын бірыңғай бесжылдық жоспар әзірледі. Онда ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтаудан бастап, білім алу, әлеуметтік бейімдеу және дербес өмірге даярлауға дейінгі бағыттар қамтылған. Құжат төрт бөлімнен, 18 бағыт пен 82 іс-шарадан тұрады. Оны іске асыруға 10 мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар қатысады.
Инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық берілген. Қазіргі уақытта елімізде 539 арнайы ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар 10 мыңға жуық бала психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысын күтуде. Тағы 16 мың бала түзету және оңалту қызметтерін алу кезегінде тұр. Бұдан бөлек, мектеп жасындағы 17 мың бала немесе олардың 12%-ы үйде оқытылады.
Кеңес соңында Аида Балаева Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.
Жалпы, инклюзивті білім беруді дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі тәсілдері қолдау тапты.
Жазғы демалыста балалар қауіпсіздігі күшейтілгенін жазған болатынбыз.