Үкіметтегі бюджеттің атқарылуы туралы есебіне айтылған сын-ескертпелер орынды – Ерлан Қошанов
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттарының Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне айтқан сын-ескертпелері орынды. Бұл туралы палата спикері Ерлан Қошанов айтты.
«Бүгін біз бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін қарадық. Көп сын-ескертпе айтылды. Олардың барлығы орынды деп санаймын. Есепті бекіту бойынша фракциялардың пікірі әртүрлі болғанын көрдіңіздер. Өкінішке қарай бюджеттің атқарылуы бойынша есепті қарау кезінде жыл сайын сол бұрынғы проблемалар айтыла береді. Негізгі мәселенің бірі – бюджетті болжау мен жоспарлаудың сапасыз жүргізілуі», - деді Мәжіліс төрағасы.
Оның атап өтуінше, бұл, ең алдымен мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың бюджетпен толық қамтамасыз етілмеуінен анық көрінеді. Соның салдарынан бағдарламалар мен оның мақсаттары үнемі өзгеріп отырады.
«Бюджет кірісін болжау кезінде ұдайы өсіп отыратын шығыс бөлігін жабуға тырысқандарыңызды жақсы түсінеміз. Бірақ жоспарлаған кезде қосымша қаржы көздерін табу қажет. Оны табуға болады. Ең алдымен, барлық перференциялар мен жеңілдіктерді қайта қарау керек. Бүгін айтылғандай, ол шамамен 3 трлн теңгедей қосымша түсім береді. Сонымен қатар, барлық қаржы ағынын бақылауда ұстау қажет. Бұл бюджеттік және бюджеттік емес қорларға қатысты», - деді ол.
Ерлан Қошанов дивидендтік саясатқа ерекше назар аударған жөн екендігін баса айтты.
«Депутаттар ол туралы да үнемі айтып жүр. Осы проблемалардың бәрін заңнамалық деңгейде шешуіміз қажет. Біз қазір жаңа Бюджет кодексінің жобасымен жұмыс істеп жатырмыз. Жақында Парламентке жаңа Салық кодексі енгізіледі. Кейбір мәселелер бойынша Үкіметпен әзірге ортақ түсінікке келген жоқпыз. Мысалы, дивидендтер, бюджеттік емес қорлар және қаржы ағынын Парламенттің толық бақылауы бойынша бір шешімге келмедік. Үкімет депутаттардың ұсыныстарына байыппен, мұқият қарауы қажет. Осы кодекстермен бірлесіп жұмыс істегенде аталған мәселелерді ескерген жөн. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда, бюджет процесінде де бізге ортақ жауапкершілік жүктелгенін ұмытпауымыз керек», - деді Мәжіліс төрағасы.