Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай жоспары болуға тиіс - Тоқаев

Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

правительство
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

«Менің тапсырмаммен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау өте маңызды. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни таразы басын тең ұстау қажет. Жаңа Бюджет кодексі де — өте маңызды құжаттың бірі. Біз „қазына қаражатына“ деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында.

Президенттің пайымынша, бұл ретте мемлекеттік сатып алу ісін және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін жаңа заңдар елеулі рөл атқарады.

Осы құжаттар мемлекеттік сатып алу ісінің ашық болуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ экономиканы дамытуға қажетті қаражат қорын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруға көп көңіл бөлу қажет. Қазір бұл секторды жаңғырту шаралары айқындалып, іске асырылып жатыр.

«Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, мына мәселеге назар аударғым келеді. Әлемдегі экономикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз», — деді Мемлекет басшысы.