Украин шекарашылары Янукович мінген ұшақты Донецк әуежайынан жібермеді

АСТАНА. Украин шекарашылары ел президенті Виктор Янукович мінген ұшақты Донецк әуежайынан шығармады, деп хабарлады РБК.

Украин шекарашылары Янукович мінген ұшақты Донецк әуежайынан жібермеді

Бұл туралы украиндық «5 арна» эфирінде Украина Мемлекеттік шекара қызметі бастығының көмекшісі Сергей Астахов мәлім етті.

«Қаруланған адамдар тобы тиісті рұқсатсыз шекарадан өту үшін пара ұсынды. Алайда шекарашылар одан бас тартты, бұдан кейін ұшаққа екі броньды автомашина келіп, мемлекеттің бірінші басшысы оған мініп, әуежай аумағынан кетіп қалды», - деді ол.

Бұдан бұрын Донецк әуежайынан бұрынғы ішкі істер министрі Виталий Захарченко елден кетпекші болды. Бірақ та ұшуға тиісті құжаттары болмағандықтан оның бұл әрекеті іске аспады.

Сондай-ақ Жоғарғы раданың жаңа спикері Александр Турчинов Украинаның бұрынғы бас прокуроры Виктор Пшонка мен кірістер және алымдар экс-министрі Александр Клименко да осындай қадамға барғанын айтты. Оларға еріп жүрген күзет құқық қорғаушыларға оқ жаудырған. Бұрынғы шенеуніктер Донецк әуежайынан кетті, қазір олардың қайда екені белгісіз.

Украина құқық қорғау органдарындағы дереккөз бұрынғы премьер Николай Азаровтың Ресейге кеткенін хабарлады. Кеше ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Арсен Аваков «5 арна» эфирінде Жоғарғы Раданың бұрынғы бірінші вице-спикері Игорь Калетник те РФ-ға жол тартқанын хабарлады.