Украина аумағында ҚР азаматы қақтығысқа қатысқаны туралы ресми ақпарат алған жоқпыз — Айбек Смадияров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның брифингісінде Украина жауынкерлерінің қолына түскен «қазақстандық» туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Украинаның құзыретті органдарынан Қазақстан азаматтарының ұсталуы немесе Украина аумағында қарулы қақтығысқа қатысуы туралы ресми ақпарат алған жоқпыз. Осы ретте өздеріңіз білетіндей, мұндай әрекеттер Қазақстан заңнамасына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікті көздейді», - деді ол брифингіде.

Сондай-ақ, ол қозғалыс еркіндігі – Қазақстан азаматтарының ажырамас құқығы екенін еске салды.

«Қазақстан заңнамасына сәйкес, қызметті міндеттерін орындауға, қылмыстық жауапкершілікке, сот шешімін орындауға немесе тағы басқа тиісті себептерге байланысты Қазақстаннан тыс жерлерге шығуға бірқатар шектеулер бар. Мемлекет соғыс қимылы өтіп жатқан аумақтарға бармауға тек кеңес бере алады. Бірақ мұндай жағдайда да таңдау құқығы азаматтардың өзінде қалады. Салдары үшін өзі жауап береді», - дейді СІМ ресми өкілі.

Айбек Смадияров Украина заңнамасы Қырым секілді аумақтарға баруға тыйым салатынын ескертті.

«Украина тарапы Еуропа аумағындағы елдерге бұзушының шенген аумағына кіруге тыйым салуға да өтініш жасауға құқылы. Украина билігінің рұқсатынсыз Қырым аумағына және басқа да даулы аумақтарға барған қазақстандықтар Украинаның басып алынған аумақтарының мәртебесі туралы заңбұзушы болып табылады. Осыған байланысты оларға Украинаның да, басқа серіктес елдердің де санкциялары қолданылуы мүмкін. Кейбір жағдайларда қылмыстық қудалау да, халықаралық іздеу де ықтимал», - деді ведомство өкілі.

Фото: api.theins.info
Соңғы жаңалықтар