Украина азаматтары заңсыз қаруларын 24 сағаттың ішінде тапсыруы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Украина Президенті мен оппозиция арасында елдегі дағдарысты реттеу туралы қол қойылған келісімге сәйкес, халықтың қолында заңсыз жүрген қару Ішкі істер министрлігі органдарына 24 сағатта тапсырылуы тиіс. Аталған құжаттың мәтіні осы ел Президентінің сайтында жарияланды.
Атап айтқанда, тараптар әкімшілік және қоғамдық ғимараттарды босату жолымен қалалар мен елді мекендердегі өмірді қалпына келтіру үшін бар күш-жігерін салады. «Заңсыз қару арнайы заң күшіне енгеннен кейін 24 сағаттың ішінде Ішкі істер министрлігі органдарына тапсырылуы тиіс», - деп айтылған құжатта. Сонымен қатар оның мәтінінде келісімге қол қойылғаннан кейін осы заң 48 сағаттың ішінде қабылдануы тиіс екендігі жазылған. Бұл заң аясында Украинаның 2004 жылдағы конституцияға оралуы бекітілген.