Украина Елшілігінде «Тарас Шевченко және Қазақстан» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті

СТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Украинаның Қазақстандағы Елшілігінде «Тарас Шевченко және Қазақстан» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Украина Елшілігінде «Тарас Шевченко және Қазақстан» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті

Мәдени іс-шара барысында сөз алған Елші Николай Селивон Т.Шевченконың арқасында украин халқы тарихи бетбұрыс жасағандығын атап өтіп, ол болмағанда украин халқы тіпті басқаларға сіңіп кетер еді деген пікірін білдірді. «Тарасты украин халқының әкесі деп де атауға болады. Жазушының арқасында әдемі, зиялы, әлем таныған украиндық мова тілі қолданыста қалып отыр», деді Елші өз сөзінде.

Дөңгелек үстел барысында қаламгердің Украинаға, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі өркениетіне шығармашылығымен, бай мұрасымен қатыстылығы талқылады. Мәселен, шара барысында қаламгер жайында әңгіме өрбіткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Күлпаш Бейбітова 20 ғасырдағы қазақ қаламгерлерінің шығармашылығындағы украиндықтар туралы көтерілген тақырыптарға кеңінен тоқтала келіп, «Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов барлық түркі тілдес әдебиеттерге қызығушылық танытуымен қатар, орыс және украин әдебиетіне де зор ықылас бөлген. Мәселен, 1954 жылы ол Т.Шевченконың «Назар Стодоля» поэмасын қазақ тіліне тәржімалаған», деді.

Өмірінің 10 жылға жуық кезеңін Маңғыстауда жер аударылып жүріп өткізген Т.Шевченко жергілікті халықтың тіршілігін, салт-дәстүріне қатысты мол мұра қалдырған. Қаламгерлікпен қатар суретші ретінде де танылған ол қазақ өміріне қатысты «Киіз үйде», «Шарқала», «Келі түйген қазақ әйелі», «Қазақ қызы Катя», т.б. суреттер салған. Оның шығармалары Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Қ.Бекхожин, С.Мұқанов, С.Мәуленов сынды қазақ жазушыларының тәржімалауымен бірнеше мәрте кітап болып жарық көрді.