Украина Еуро-2012 чемпионаты кезінде түсетін кірісті санады
АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Украинада өтетін футболдан Еуропа чемпионатында туризм кезінде түсетін кіріс 1,3-1,5 млрд. долларды құрайды, деп жазды Лента. ру.
Бұл туралы вице-министр және елдің инфрақұрылым министрі Борис Колесников мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, Еуро-2012 кезінде Украинаға 800 мыңнан 1,2 млн.-ға дейін турист келеді.
Сәуір айында кейбір сарапшылар вице-министрдің көрсеткішінен әлдеқайда төмен соманы болжаған болатын. Олардың пікірінше, Украина еліне Еуро-2012 чемпионатынан түсетін қаражат небәрі 300-500 млн. долларды құрайды.
Колесников атап өткендей, Украинаның аталмыш чемпионатқа дайындығы 99,9 пайызға бағалануда. Ол сондай-ақ Еуро чемпионатын өткізуге елдің 55 млн. доллары жұмсалғандығын атап өтті. Бұл қаражат сайыстың ақпараттық, жарнамалық қолдауы мен қызметкерлердің тіл үйренуіне жұмсалды.
Жалпы алғанда, Украина чемпионатты өткізуге 5 млрд. доллар жұмсады, деп атап өтті министр. Бұл қаражат бірінші кезекте әуежайлар мен жолдар салуға және көлік инфрақұрылымын жетілдіруге жұмсалды.
Колесников, сонымен қатар, Польша мемлекеті Еуро-2012 чемпионатының дайындығына 34 млрд. доллар жұмсағандығын айтты.
2012 жылғы футболдан Еуропа чемпионатының ақтық ойындары 8 маусымнан 1 шілде аралығында Украина мен Польшада қатар өткізіледі. Ал дүбірлі доданың қорытынды матчы Киевте өтетін болады.