Украина ІІМ ресейлік 500 әртістің елге келуіне тыйым салмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Украина ІІМ ресейлік 500 әртістің елге келуіне тыйым салмақ.
«Қырымды басып алу мен Украинаны бөліп билеу» идеясын құптаған мәдени қайраткерлер «қара тізімге ілінеді», деп мәлім етті Украина ІІМ кеңесшісі Антон Геращенко, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
«Украина ІІМ-і Қырымды басып алу мен Украинаның шығысындағы сепаратистік идеяны құптап отырған 500-ден аса Ресей Федерациясының мәдени қайраткеріне елге кіруге тыйым салады», - деп жазды Антон Геращенко өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында. Бұған дейін хабарлағанындай, Одессада Ани Лорактың концертін үзбек болған ұлтшылдар әнші өлең айтуы тиіс түнгі клубтың алдында бүлікшілік ұйымдастырды. «Қазір біз «Қырымды басып алу мен Украинаны бөліп билеу» идеясын құптаған 500-ден аса мәдени қайраткерді қамтитын тізім әзірлеудеміз. Оларға Украина аумағына кіруге тыйым салынатын болады», - деді Антон Геращенко өткен түні «Ибица» түнгі клубының алдында Ани Лорактың концертін тоқтату үшін жиналған ұлтшыл топ пен полиция арасында орын алған қақтығысқа түсініктеме бере отырып. «Мен Ани Лорак немесе басқа да мәдениет және өнер өкілдерінің Ресейге қатысты қарым-қатынасын жөн санамаймын. Оларға Украина жерінде концерт қойып немесе өлең айтып ақша табуларына мүмкіндік бермеу керек», - деп мәлім етті ол. Бұдан бұрын Латвия сыртқы істер министрлігі елге кіруге тыйым салынған шетелдіктердің қара тізіміне бірқатар Ресей азаматтарын енгізу жөнінде шешім қабылдаған еді. Олардың қатарында Иосиф Кобзон, Валерия мен Олег Газманов та бар. Өз кезегінде Днепропетровск облысының мемлекеттік әкімшілігі қала билігіне Иосиф Кобзонды «Днепропетровск құрметті азаматы» атағынан айыру туралы өтініш білдірді.