Украина Кеден одағына бет бұрды ма?

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өткен айдың соңында Украинада басталған халық наразылығы әлі де болса тыншыр емес. Жұрттың бұлай дүрлігуіне Украина билігінің Еуропалық одақпен қауымдасқан мүше боламын деп еуропалықтарды емексітіп келіп, аяқ астынан жалтаруы түрткі болған еді.

Украина Кеден одағына бет бұрды ма?

Қазір елдегі ахуал тіпті ушығып түр. Кейбір деректерге қарағанда, ел астанасы Киевте наразылық шеруіне шыққандардың қатары 700 мың адамға жетіп жығылады. Олардың қатарында елге есімі белгілі адамдар да бар. Мәселен, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген деректерге қарағанда, Евровидение байқауының жеңімпазы болған әнші Руслана елдегі ахуал өзгермесе өзін өртеп жіберуге дейін баратындығын айтып қоқан-лоққы жасапты. «Сіздерге шынымды айтамын, егерде өзгерістер орын алмаса, онда мен осы Майданда өзімді өртеп жіберемін. Мен бұл шешімді өзім үшін қабылдадым», - депті. Кәсіпқой бокста есімі шартарапқа тараған даңқты боксшы Виталий Кличконың да осы майданда жүргендігі мәлім. Тіпті ол ел билігіне 3 талап қойып отырғандығы да мәлім. Оның біріншісі - заңсыз тұтқынға алынған 14 белсендіні босату, екіншісі - бейбіт шерушілер мен журналистерді соққыға жыққандарды жазалау. «Үшіншіден, Ішкі істер министрі Виталий Захарченко мен Азаров үкіметі отставкаға кетсін. Тек осыдан кейін ғана біз осынау саяси дағдарыстан шығудың одан арғы жолдарын талқылайтын боламыз», - деді ол.

Иә, осылайша қалың жұртшылық Еуропамен ықпалдастыққа ден қойып отырғанда, елдің Президенті Виктор Янукович Ресеймен Украинаның болашақта Кеден одағына қосылатындығы туралы келісімге қол қойыпты деген ақпарат тарады. Әрине, бұл ақпарат анық емес. Дегенмен, британдық The Economist басылымының редакторы Эдвард Лукастың өзінің дереккөздеріне сүйеніп таратқан ақпары осындай мәліметті түзеді. «Бүгін Сочиде В.Янукович Ресеймен стратегиялық келісімге қол қойғанын естідім. Ол газ бағасын 200 долларды құрайтын алдын ала төлемді қоса алғанда 5 млрд. долларды және Кеден одағына қосылу туралы кеісімді қамтиды»,- деп жазады ол.

Э.Лукастың қолында бар деректерге қарағанда, В.Янукович Мәскеуден 15 млрд. доллар алуы мүмкін. Сонымен қатар қол жеткізілген келісімдерге сәйкес Украина 2015 жылы Кеден одағының құрамына қосылуы мүмкін. Ал мұндай хабардың батыс елдері үкіметтерінің айран-асыр қылатындығы да түсінікті.

Расында да күні кеше В.Янукович Сочиде болып, онда ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездескен еді. Кремль баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына қарағанда, Украина көшбасшысы Қытайдан қайтып келе жатқан кезінде Ресейде қысқа мерзімді сапармен болған. «Президенттер екі жақты қарым-қатынастардың ағымдық мәселелерін, сонымен қатар Мәскеуде өтетін Ресей-Украина мемлекетаралық комиссиясының отырысына дайындықпен байланысты мәселелерді талқылады», - делінген Кремль таратқан ақпаратта.

Алайда, украина тарабы екі ел президенттері арасындағы әңгіменің шет жағасын шығарды. Атап айтқанда, Украина Премьер-Министрі Николай Азаров шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында В.Януковичтің В.Путинмен стратегиялық екіжақты серіктестік туралы келісімді, оған қоса сауда-экономикалық режімдердегі қарама-қайшылықтарды жою бойынша «жол картасын» дайындау мәселелерін талқыланғанын атап өтті.