Украина мен Ресейдің өтінішімен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтеді
Ведомствода атап өткендей, украиналық кемелер Ресейдің территориалдық теңізі аумағында «заңсыз әрекет жасамақ болған» және қозғалысты дереу тоқтату туралы талаптарды орындамаған.
Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, әскери кемелерді мәжбүрлі тоқтату мақсатымен қару қолданылған. Үш адам жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілген. Өмірлеріне еш қауіп жоқ.
Укринформ ақпараты бойынша, ресейлік әскерилер Керчен бұғазында Украина Әскери теңіз күштеріне тиесілі үш кеменің қозғалысына тосқауыл қойып, оларға оқ жаудырған.
«Жедел келіп түскен мәліметке қарағанда, украиналық 6 әскери азамат жарақаттанған», - делінген Укринформ хабарламасында.
Азов теңізіндегі төтенше жағдайға байланысты, Президент Петр Порошенко Әскери кабинетті шақыртып, әскери жағдай енгізуге ұсыныс жасады. Украинаның Қарулы күштері толық жауынгерлік әзірлікке көшті.
Укринформ-ның жазуынша, БҰҰ жанындағы Украина миссиясы жексенбі күні Қауіпсіздік кеңесінің төрағасына Ресейдің Қара және Азов теңіздеріндегі іс-әрекеттеріне қатысты БҰҰ ҚК-нің шұғыл отырысын шақырту бастамасын алға тартты.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресей 26 қараша күні Азов теңізіндегі жағдайға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақыруды сұрады. Бұл туралы журналистерге жексенбі күні РФ-нің БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің бірінші орынбасары Дмитрий Полянский мәлім етті.