Украина Премьер-министрі қызметіне Арсений Яценюк бекітілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Украина Жоғарғы Радасы бүгін «Батькивщина» көшбасшыларының бірі Арсений Яценюкті премьер-министр қызметіне бекітті, деп хабарлады «РБК-Украина». Бұл шешімге 371 депутат дауыс берді.
Бұдан бұрын парламентте жаңа билеуші коалиция құрылды, ол Яценюкті үкімет басшысы қызметіне ұсынды. Коалицияға 250 депутат кірді: Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясының, Виталий Кличконың «УДАР» және Олег Тягнибоктың «Свобода» партияларының өкілдері.
Арсений Яценюк Черновцыда дүниеге келген, құқықтанушы мамандығы бар. Әр кезде Қырымның экономика министрі, Одесса облысы губернаторының орынбасары, Украина ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары болды. Украина үкіметінде Яценюк экономика министрі, сыртқы істер министрі болды. Ол парламент спикері болып та қызмет атқарды, президент Виктор Ющенконың хатшылығында қызмет істеді.