Украина Президенті Виктор Януковичті Киевтен кетуге мәжбүрледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Украина президенті Виктор Янукович күзетімен бірге Харьковқа ұшып кетті, деп хабарлады РБК.

Украина Президенті Виктор Януковичті Киевтен кетуге мәжбүрледі

Киевтің орталығындағы Үкіметтік орамды «Еуромайдан» белсенділері басып алды, олар Януковичтің дереу отставкаға кетуін талап етумен қатар, әйтпесе қарулы көтеріліске шығатындықтары жөнінде сес көрсетті.

Янукович Киевтен жергілікті уақытпен 22.40-та ұшып шықты, деп хабарлайды РБК президент әкімшілігіндегі жоғары шенді дереккөзге сілтеме жасап. Онымен бірге Киевтен Жоғарғы раданың спикері Владимир Рыбак пен президент әкімшілігінің басшысы Андрей Клюев кетті.

Дереккөздің атап көрсетуінше, Янукович Жоғарғы Рада қол қойған 2004 жылғы конституцияға оралу туралы заңға қол қойғысы келмейді. Айта кетерлігі, бүгін Харьковте Украинаның оңтүстік-шығыс облыстары мен Қырым депутаттарының съезі өтеді.

Иесіз қалған үкіметтік орамды түнде «Еуромайдан өзін өзі қорғау» белсенділері басып алды. Бұл туралы Майдан коменданты Андрей Парубий мәлім етті. Оның айтуынша, белсенділер Рада, Министрлер Кабинеті, Президент Әкімшілігі жіне ІІМ ғимараттарын бақылауға алды.

Сонымен қатар Парубий милиционерлерді қарсыласушылар жағына шығуға үндеді. «Біз милиционерлерге олардың бәрінің де Майдан жағына шығуы қажеттігін айттық, біз олардың бірге торуылға шығуға әзірміз», - деп мәлімдеді комендант және «Еуромайдан» бүкіл Киевті бақылауына алады, деп қосты.

Еске сала кетейік, Жоғарғы рада кеше ІІМ басшысы Виталий Захарченконы отставкаға жіберді, қарсылыққа қатысушылардың бәріне рақымшылық жасады, 2004 жылғы конституцияны қайтарды және экс-премьер Юлия Тимошенко сотталған қылмыстық бапты алып тастады.

Жоғарғы раданың шешім қабылдауына Януковичтің оппозиция көшбасшыларымен және Франция, Германия және Польша СІМ басшылары Лоран Фабиуспен, Франк-Вальтер Штайнмайермен және Радослав Сикорскиймен келіссөздер барысында көнуге келісуінен кейін мүмкін болды. Сондай-ақ уағдаластықта мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу және коалициялық үкімет құру көзделген.

21 ақпанда кешке «УДАР» көшбасшысы Виталий Кличко Майдан сахнасында келісім шарттарын жариялап тұрған кезде оның сөзін қарсыласушылардың бірі үзіп, егер Янукович 22 ақпанда сағат 10.00-ға дейін отставкаға кетпесе белсенділер қарулы көтеріліске шығатынын мәлімдеді. Майданда жиналғандар бұл мәлімдемені қолдады.