Украина Радасы депутаттарды қылмыстық жауапкершіліктен қорғау туралы бапты алып тастамақ

КИЕВ. УКРИНФОРМ - ҚазАқпарат - ІХ шақырылымдағы Жоғарғы Рада «Украина Конституциясының 80-бабына өзгерістер енгізу туралы» (Украина халық депутаттарының құқығына қол сұғылмаушылық туралы) заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Укринформ агенттігіне сілтеме жасап.

Украина Радасы депутаттарды қылмыстық жауапкершіліктен қорғау туралы бапты алып тастамақ

Украина Конституциясының 80-бабына тиісті өзгертулер енгізуді қолдап 363 халық депутаты дауыс берді. Заң жобасын қабылдау үшін 226 депутаттың дауысы жеткілікті еді.

№7203 заң жобасын VIII шақырылымдағы парламентте елдің бесінші президенті Петр Порошенко тіркеген болатын. Оған сәйкес, парламент мүшелерін Жоғарғы Раданың келісімінсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуға, ұстауға, абақтыға қамауға болмайды деген бөлім 80-баптан алынып тасталады. Осылайша, Конституцияның 80-бабында халық депутаттары парламенттегі дауыс беру немесе сөз сөйлегені үшін заң алдындағы жауапкершілікке тартылмайды деген норма ғана сақталады.

Заң 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді деп жоспарланған.