07:27, 18 Қазан 2016 | GMT +5
Украина шекарасында квадрокоптермен темекі тасымалдаған контрабандашы ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Украина шекарашылары Венгриямен шекарада дрон көмегімен темекі тасымалдаған контрабандашыны ұстады. Бұл туралы Украинаның мемлекеттік шекара қызметі хабарлады.

Чопский шекарашылары 15 қазанда күзетілетін аумақта қашықтан басқарылатын дронның ұшқанын байқаған. Іздеу барысында украина-венгр шекарасының маңынан сегіз ебелекті (винт) квадрокоптер және бұта арасында жасынырып отырған оның операторын ұстаған.
Квадрокоптер жанынан құқық қорғау қызметкерлері 16 блок Украинада жасалатын темекі салынған жәшік тапқан. Дронға тағы да 16 қорап тіркелген. Шекарашылардың ойынша контрабандашылар темекіні осындай жолмен Венгрияға жіберіп отырған.
Биыл шекарада темекіні көрші елге тасымалдаған 13 ұшу аппараты тәркіленген.
Украина шекара қызметінің спикері Олег Слободяннның айтуынша, темекі Еуроодаққа жеткізілетін контрабанданың негізгі түрі екен.