Украина Ю.Лужковқа елге келуге рұқсат берді
АСТАНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат - Мәскеу мэрі Юрий Лужковқа Украинаға келуге рұқсат берілді. Украина Лужковтан нон-грат тұлғасы мәртебесін алып тастады. Бұл туралы «Эхо Москвы» радиостансасының эфирінде сенатор Олег Толкачев мәлім етті. Оның айтуынша, Ю.Лужковқа Украинаға кіруге жай рұқсат беріліп қана қоймаған, ол енді Украинада қадірлі қонақ.
Кейбір мәліметтер бойынша, Мәскеу мэрі Киевке шілде айында сапар жасауы мүмкін, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.
Естеріңізге сала кетейік, Мәскеу мэрі Севастополь туралы мәселе «әлі шешімін таппағаны» туралы мәлім еткеннен кейін, 2008 жылдың мамыр айында Украинаның Қауіпсіздік қызметі Ю.Лужковқа Украинаға келуге тыйым салу туралы шешім қабылдаған болатын. Мәскеу мэрі бұл мәлімдемесін «1948 жылы Севастополь қаласының мемлекеттік бағыныштағы қала мәртебесін алғанын, міне, сондықтан да ол 1954 жылы Қырыммен бірге Украина КСР-не берілуі мүмкін емес екендігімен» түсіндірген. Осы мәлімдемесінен кейін оған Украинаға келуге тыйым салынған болатын.