Украина жерінде бокстан өткен турнирде еліміздің спортшылары 3 алтын, 3 күміс және 2 қола медальді жеңіп алды
АЛМАТЫ. 11 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Украинаның Мариуполь қаласында бокстан өткен 45-ші халықаралық «Макар Мазай» мемориалында еліміздің былғары қолғап шеберлері үш алтын, үш күміс және екі қола медальді еншілеп, жалпы командалық есепте екінші орыннан көрінді.
Сайыс қорытындысы бойынша Біржан Жақыпов 49 келі салмақта, Олжас Сәттібаев 52-де, Серік Сәпиев 69 келіде алтыннан алқа тағынса, Ғани Жайлауов, Василий Левит, Иван Дычко күміске қол жеткізді. Сонымен қатар Данияр Елеусізов пен Данабек Сужанов қола медальді иеленді.
Аталған турнирде 9 елдің өкілдері бас қосты. Жалпы командалық есепте 22 медальмен шаршы алаң иелері бірінші орынға шықты. Олардың қанжығасында 7 алтын, 3 күміс және 12 қола медаль бар. Ал үшінші орында 3 күміс пен 2 қола медальды жеңіп алған өзбек боксшылары тұр. Ресей боксшылары 1 күміс пен 1 қола медальға қол жеткізіп төртінші орыннан табылды. Сондай-ақ Молдова, Түркіменстан және Иран боксшыларының қоржынында 1 қол медальдан бар. Ал швед пен кәріс спортшылары еш олжасыз үйлеріне қайтты.