Украинада 109 адам тұмау ауруының құрбаны болды
АСТАНА. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат -Украина төтенше жағдайлар министрлігі денсаулық сақтау, медициналық-биологиялық қамсыздандыру департаментінің директоры Алексей Громазин Украинада 109 адамның тұмау құрбаны болғанын жұма күні мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап.
Украинада қазанның аяғында тұмау індеті жарияланған болатын, батыстағы тоғыз облысқа карантин енгізілді, бүкіл ел бойынша жаппай іс-шаралар жүргізілуде, оқу орындары үш аптаға жабылды. А/H1N1 тұмауының 15 жағдайы расталды, алайда Денсаулық сақтау министрлігі доңыз тұмауынан қайтыс болғандардың санын нақтылаған жоқ.
«Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша тұмаудан 109 адам көз жұмған», - деді Громазин.