Украинада православ храмында жарылыс болды
АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні Украинаның Запорож облысындағы православ храмдарының бірінде жарылыс болды.
Украина Төтенше жағдайлар министрлігінің Запорож облысындағы бас басқармасының баспасөз қызметінен РБК агенттігіне хабарлағандай, Украина православ шіркеуінің Свято-Покров храмында мәскеу уақыты бойынша сағат 17.20-ның шамасында жарылыс болған. Куәгерлердің айтуынша, храмға кірер есіктің алдында күдікті түйіншек жатқан, сол зат жарылған сияқты.
Жарылыс салдарынан 9 адам жарақат алды. Қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілген 80 жастағы монахиния бірнеше сағаттан кейін сонда көз жұмған.
Запорож облысының губернаторы Борис Петровтың айтуынша, «қуаты 500 грамм тротилге барабар қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылған деген пайымдау бар». Храмдағы жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.