Украинада президенттік сайлау бойынша науқан басталды
АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - Дүйсенбі, қазанның 19-нан бастап Украинада президенттік сайлау бойынша науқан басталады.
Ел басшылығына кандидаттарды 2009 жылғы қазанның 20-сы мен қарашаның 6-сы аралығында ұсынуға болады, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Танымал 10 саясаткер сайлауға қатысатындарын мәлімдеп отыр. Әлеуметтік сауалнамалардың қорытындысы бойынша, оппозициялық Өңірлер партиясының өкілі Виктор Янукович сайлаушылардың 30 пайызына үміт арта алады. Ал 20 пайызы премьер Юлия Тимошенконы қолдап отыр.
Сайлаудан үміткерлердің қатарында бұрынғы спикер Арсений Яценюк, коммунист Петр Симоненко, миллионер Сергей Тигипко, спикер Владимир Литвин, елдің бұрынғы қорғаныс министрі Анатолий Гриценко, социалистер жетекшісі Валентина Семенюк бар. Сайлауға елдің қазіргі президенті Виктор Ющенко да түскелі отыр.
Кандидаттарды тіркеу қарашаның 13-де аяқталады.