Украинада Ресей рублі еркін айырбасталатын валюта болмақ
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ресей рублі еркін айырбасталатын валюта болмақ. Ол Украина Ұлттық банкіндегі шетел валюталары және банк металдарының бірінші тобына енгізіледі. Бұл туралы "РБК-Украина" хабарлайды.
Агенттіктің хабарламасында Украина-Ресей мемлекетаралық комиссиясының алтыншы отырысына сілтеме жасалған.
Бұл келісім Украина президенті Виктор Янукович пен Ресей президенті Владимир Путиннің 17 желтоқсандағы кездесуінде қабылданған болатын. Кездесуде бірқатар маңызды келісімдер, атап айтқанда - Украинаға 15 млрд. доллар несие беру және Ресей газының мың текше метрінің бағасын 268,5 долларға дейін төмендету туралы шарт жасалды.