Украинада тағы тыныштық бұзылды: ІІМ-нің 70 қызметкері зардап шекті

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше Украина астанасының орталығында басталған тәртіпсіздіктер басылмай тұр. Түні бойы милиция мен ішкі әскер қызметкерлері оппозицияның радикалды шабуылдаушыларымен арпалысты, деп хабарлады РБК.

Украинада тағы тыныштық бұзылды: ІІМ-нің 70 қызметкері зардап шекті

Негізгі қарсылық шаралары Украинаның үкіметі мен Жоғарғы радасының ғимараты орналасқан көшеде өршіді. Тәртіпсіздіктер барысында ішкі істер органдарының 70-тен астам қызметкері жарақаттанды. Біреуінің бас сүйегіне зақым келсе, екіншісінің қол-аяғы сынды, ал үшіншісі беймәлім заттан уланып жатты. Тәртіп сақшыларының 49-ы ауруханаға жатқызылды. Наразылық шарасына қатысушылардың арасында зардап шеккендер жайлы ресми деректер жоқ. Киевтегі Грушевский көшесіндегі оқиғалар фактісі бойынша Украинаның ҚК-ның 294-бабы бойынша (жаппай тәртіпсіздік) қылмыстық іс қозғалды. Бас көтергендердің ішіндегі аса белсенділері ішкі істер органдарына жеткізілді. Қазіргі уақытта шамамен онға жуық адам ұсталды, деп нақтылады РБК. 19 қаңтарда Украинада жиын өткізуге қатысты ел президенті бекіткен жаңа заңға қарсы ондаған мың демонстрант Киевтегі Тәуелсіздік алаңына жиналған кезде полициямен қақтығыс болған еді. Оппозиционерлер тәртіп сақшыларына қолына түскенін лақтырып, олардың құрған бекінісін бұзып шығуға тырысты. Құқық қорғаушыларға қарсы шыққан топты тыныштандыру үшін көзді жасаурататын газ қолдануға тура келді.

Қаңтардың 16-сы күні Янукович қол қойған жаңа заң ресми рұқсатсыз қоғамдық жерлерге шатыр тігуге, сахна құруға және дауыс зорайтқыш қоюға тыйым салады. Заң бойынша демонстранттар беттерін бүркемеуі тиіс.

Демонстранттар заңды әжуалап медициналық маска мен құрылысшы каскаларын киіп шықты. Бастарына ыдыс-аяқ киіп шыққандар да болды.

Жаңа заңда "қоғамдық тәртіпті бұзушыларға" 15 жылға дейін түрме жазасын тағайындау туралы бап бар.