Украинада ұшақ апатты жағдайда қонып, бес адам көз жұмды

ЛЬВОВ. УКРИНФОРМ-ҚазАқпарат – «Украина-Аэроальянс» әуе компаниясының Ан-12 ұшағы Львов әуежайының маңында апатты жағдайда қонды. Салдарынан 5 адам көз жұмды. Бұл жөнінде Facebook желісінде Инфрақұрылым министрі Владислав Криклий мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Укринформға сілтеме жасап.

Украинада ұшақ апатты жағдайда қонып, бес адам көз жұмды

«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Украина-Аэроальянс әуе компаниясының Ан-12 #UR-CAH ұшағы Вико (Испания) – Львов бағыты бойынша #UKL4050 чартерлік жүк рейсін орындау кезінде аэродром жанындағы Сокольники ауылына апатты жағдайда қонған. Бортта 7 экипаж мүшесі мен жүкке ілесіп жүрген 1 адам болды. Салдарынан 3 адам көз жұмып, 3 адам ауыр жарақаттанды, тағы екеуі іздестірілу үстінде. Құтқару операциясы жалғасып жатыр», - деп жазды Криклий.

Артынан министр 5 адамның көз жұмғанын мәлім етті.

Сондай-ақ, ол ұшақтың апатты жағдайда қонуына жанармайдың таусылуы себеп болғанын атады. Тергеу жалғасуда.

Министр қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.

Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінен мәлім еткендей, 4 қазан күні таңертең радардан жоғалып кетіп, ұшып-қону жолағынан 1,5 шақырым жерден табылған Ан-12 ұшағы «Львов» әуежайының маңына апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған.

«4 қазан күні сағат 07:10-да «Львов» халықаралық әуежайынан 13,7 шақырым қашықтықта Ан-12 ұшағы радардан жоғалып кеткені туралы хабар келіп түсті. Сағат 07:29-да экипаждың бір мүшесі байланысқа шығып, Ан-12 ұшағы апатты жағдайда қонғаны туралы мәлім етті. 07:46-да Ан-12 ұшағы ұшып-қону жолағынан 1,5 шақырым жерде табылды», - делінген хабарламада.

Ұшақ өртенбеген. Экипажды зақымдалған ұшақтан шығару жұмыстарына Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметтен 41 адам мен 7 техника жұмылдырылды.