Украинада жалпыға бірдей жауынгерлік мобилизация басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Украинада жалпыға бірдей мобилизация басталды, запастағы әскери міндеттілер әскери қызметке шақырылуда, деп мәлімдеді Бірінші ұлттық арнаның эфирінде Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Андрей Парубий.

Украинада жалпыға бірдей жауынгерлік мобилизация басталды

Бұндай шешім Ресей тарапынан әскери килігу қаупіне байланысты қабылданды, деп жазады РБК.

Украинаның кейбір қалаларында әскери коммисариаттар жұмыс істеуде.

Осы елдің Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі 1 наурызда өткен отырыста мемлекеттің Қарулы күштерін толық жауынгерлік даярлыққа көшіру шешімін қабылдады.

«РФ тарапынан болуы мүмкін басқыншылықты ескере отырып, Украинаның Қарулы күштерін толық жауынгерлік әзірлікке көшіруді бұйырамын», -деді ел президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов.

Ол сонымен қатар электр стансалары мен әуежайлардың және басқа да стратегиялық нысандар мен инфрақұрылымдарда күзет күшейтілгенін атап өтті.

Турчинов ел азаматтарын мемлекеттегі жанжалды ұмыту керектігіне шақырды. «Біз баршамыз украиндықпыз, осы орайда мемлекеттің айналасында жұмылуымыз қажет. Арандатушылыққа, тергеусіз сотқа, қанаушылыққа жол бермей, сенім мен бірлікті сақтауымыз керек»,-деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 1 наурызда Федерация Кеңесі Ресей президентіне Украина аумағында жағдай тұрақтанғанға дейін РФ Қарулы күштерінің қолданылуына келісім берді. Мұндай шешім Ресей Парламенті жоғарғы палатасымен қабылданды. РФ басшысына Украинадағы саяси дағдарысқа араласу өтінішін Еуромайдан белсенділерінен қалыптастырылған жаңа үкіметті мойындамаған Қырымның Жоғарғы кеңесі жасаған еді.