Украинадағы қазақстандық: Елшілікке қалай жетерімді білмей отырмын

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан азаматы Медина Гумерова Киевте тұрады. Қазір жерлесіміз елге қайтудың қамын қарастырып жатыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі отандасымыздан Украинадағы қазіргі жағдай туралы сұрап білген еді.

Украинадағы қазақстандық: Елшілікке қалай жетерімді білмей отырмын

«Мен Қазақстанның азаматымын, Киевте тұрамын. Осында тұрақты тұрып, жұмыс істеймін. Бұған дейін жағдай тынышталсын деп күте тұрған болатынмын, себебі шекарада ұзақ кептеліс. Осындағы Қазақстанның елшілігімен байланыстым, елге қайтудың амалын қарастырып жатырмын. Киев қаласында кешкі сағат 17:00-ден таңғы 8:00-ге дейін коменданттық сағат. Сыртқа шығуға болмайды. Қазір үйде жалғызбын, жұмысымды онлайн жалғастырып жатырмын. Қазақстанда ата-анам тұрады», - деді Медина Гумерова.

Айтуынша, отандасымыз затын жинап, елге қайтуға дайын отыр.

«Елшілікпен байланысқанымда, маған елшілік ғимаратына келіп күтуімді сұрады. Қазір заттарымды жинап дайын отырмын. Бірақ елшілікке қалай жетерімді білмей отырмын. Себебі такси табу қиын және баға өсіп кеткен», - дейді отандасымыз.