«Украинадағы у-шу!» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 28 қараша, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Украинадағы у-шу!» - баспасөзге шолу
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Табыс болуы тиіс, бірақ 5-6 есе емес» деген мақаласында жазады. Басылымның атап өтуінше, кеңеске Премьер-Министр С.Ахметов, Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ғ.Әбдірахымов, Бас прокурор А.Дауылбаев, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, Ақмола облысының әкімі Қ.Айтмұхаметов қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев жақында «Астанабасжоспар» ҒЗӨИ» ЖШС-ін аралау барысында елорданы дамыту мәселесі қаралғанын атап өтті. - Қала тұрғындары көбейіп, 900 мыңға жетті, ал біз бұл көрсеткішке 2020-2030 жылдары жетеміз деп жоспарлағанбыз. Осыған байланысты қала құрылысы халықтың қарқынды өсуіне ілесе алмай отыр, соның салдарынан түрлі қиыншылық туындауда. Әрине, біз еліміздегі барлық қаланың дамуы үшін жұмыс жасаймыз, бірақ елордаға ерекше назар аударылуға тиіс. Биылғы көктемде мен кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар бердім. Мен олардың іске асырылу барысымен таныстым, алайда алдымызға тиісті шешімдер қабылдау қажет болатын жаңа міндеттер қойылып отыр, - деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы қала бойынша аумағы 7000 гектар 188 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді. Қазақстан Президенті бұл мәселе Алматыға да қатысты екендігін атап өтіп, жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін оны жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы елордаға іргелес аудандарда жер мәселелеріне қатысты тәртіп жоқтығын, соның салдарынан аумақты өз бетімен басып алудың кездесіп жататынын атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан Президенті Ақмола облысының әкіміне елорданың маңында орналасқан барлық елді мекеннің бас жоспарына түзету енгізуді, ал Бас прокурорға Астанадағы қылмыстық ахуалға талдау жасап, құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы өзіне ұсынылған есепте елордадағы тұрғын үй бағасына жасалған талдауға да назар аударды. - Орташа алғанда, бір шаршы метрдің бағасы өз құнынан 2-3 есе артық. Мысалы, өзіндік құны 1000 доллар болатын «Еуропа Палас» тұрғын үй кешенінде пәтердің шаршы метрі 3,5 мың долларға сатылуда. «Хайвилл» тұрғын үй кешенінде өзіндік құн 1,5 мың доллар, ал баға қазір 4-5 мың долларға жеткен. Өзіндік құн 1300 доллар болатын «Париж орамында» пәтерлер 5 мың доллардан сатылуда. Бұл - тым шарықтап кеткен баға. Бірақ «Еуропа Палас» тұрғын үй кешенін салған компания бар болғаны 1,6 миллион теңге салық төлеген, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті бұл мәселені шешуге кешенді түрде келген жөн екеніне тоқталды. Сонымен қатар, «Егемен Қазақстанда» «Қазақстанымыз - Қарашаңырағымыз!» атты тақырыппен еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің жүрекжарды лебіздері берілген. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық саясатта және этносаралық қатынаста қозғаушы күшке айналған. Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласында өткен халықаралық ғылыми конференцияға қатысқанымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясының іргесі мықтап қаланғанын ресейлік әріптестерім баса айтқан еді. Біле білсек, бұл қуана құптарлық жайт емес пе?! Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырған «БАҚ-тарда этносаралық толеранттылықты бекіту» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысқанымда танымал ғалым, Ресей халықтары Ассамблеясы кеңесінің төрағасы Рамазан Абдулатипов осынау ғаламат институт Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында қоғамдық күшті біріктіретін қуатты факторға айналғанын баса айтқан еді. Біле білсек, осының барлығы еліміздегі 140-тан астам ұлт өкілдерінің татулығы, достығы әрі этностар арасындағы ынтымақтың нақты дәлелі, деп жазады басылым. Мақалада Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Президент сыйлығының лауреаты, Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, Петропавл қаласының құрметті азаматы, «Дослык» татар-башқұрт қоғамының мүшесі Сайдаш Ғайсин, Ақтөбе облыстық «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің төрайымы Анастасия Подольянова, ардагер ұстаз Сергей Хван және басқа да азаматтардың Қазақстан халқының бірлігі туралы, Мемлекет басшысының ұлтаралық татулықты дәріптейтін саясаты туралы кесек-кесек ойлары берілген. *** Лондонның ғылыми - техникалық тәжірибелік зертханасы «Болашақ» бағдарламасының степендиаты Әсел Сәрсембаеваның жаңалығына ерекше ден қойып, тәжірибелік-сынақ жұмысын бастады. Егер, бәрі қолдау тапса, қазақ қызы ашқан жаңалық жол-көлік апатының алдын алуға себеп болып, күре жолдарға бағытталған бюджет саясатына үлкен өзгерістер алып келеді. Бұл туралы «Айқын» газеті «Қазақ қызы ашқан жаңалық» атты тақырыппен берілген сұхбатында жазып отыр. Әселдің айтуынша, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы транспорт академиясында оқып жүргенде мұз-тайғақты еріту үшін күре жолдарға себілетін химиялық реагенттердің құрамына ерекше ден қойған. Арнайы тұз тұнбаларынан дайындалған қоспа көк тайғақ мұзды ерітуге мүмкіндік бергенмен, асфальт құрамына кері әсер ететіні белгілі. Бірақ ғылымда жоғарыда біз айтып өткен реагентке балама жаңалық әлі ашылған жоқ. Ол бүкіл әлемде қолданылады, оған бүкіл әлем тәуелді. Бірақ соған қарамай, әрбір шаршы метріне миллиондаған қаржы жұмсалатын күре жолдар арада бес жыл өтпей-ақ шұрқ тесік болып қалатынын көріп жүрміз. Демек, ендігі жерде асфальт құрамында химиялық реагнетке қарсы тұратын қоспа ойлап табу өзекті. «Мен бұл тақырыпқа кеше келгенім жоқ. Бұл - менің Алматыда, университет қабырғасында 4 жыл бойы дайындалған, кейін диплом жұмысына арналған ұзақ ізденісімнің жемісі. Мұны іс жүзіне асыруға мүмкіндік бергені үшін еліме, «Болашақ» бағдарламасына алғысым шексіз», - дейді ол. «Бірнеше күннен бері Украина дүрлігіп жатыр. Елдің тұс-тұсынан келіп, шеруге шыққан халық Киевке үстін-үстін келуде. Тәуелсіздік майданы және Еуропалық алаңда тізе бүгер жер жоқ. Бұл дүмпудің арты немен тынары әзірге белгісіз. Әйтеуір Украина билігі үшін жақсылықтың нышаны болмайын деп тұр. Сонымен, Украинада басталған толқудың себебі не?» - деген «Айқын» газеті осы сұрақтың жауабын «Украинадағы у-шу!» атты мақаласында іздеп көреді. Басылымның жазуынша, халықтың арасына ши жүгіртіп, қытығана тиген нәрсе биліктің ала жаздай Еуродақ қауымдастығына һәм Одақпен біріккен еркін сауда аймақтарын құру жөніндегі келісімге қол қою жөніндегі жүргізген дайындық жұмыстарынан аяқасты бас тартып, Ресейдің ығына қарай аунап түсуі. Яғни бұған дейін қарсы болып, теріс қарап келген Кедендік одаққа жылы бейіл танытуы. «Өркениетке иек артамыз, Еуропаша өмір сүреміз, білім аламыз, жағдайымыз оңалады» деп дәмеленген халық биліктің тосын мінез танытуына қарсылық ретінде шерулетіп көшеге шықты. Әсіресе жексенбі күні Киевтың басты алаңдарында өткен толқуға 100 мыңнан аса адам жиылды. Бұл аз күш емес еді. Тіпті кейбір сарапшылар «бұл 2004 жылы оппозиция президент Кучманы тақтан тайдырғанда осылай бір жиылып, бұрқанған теңіздей болып еді. Бұл жолы да сол жағдай қайталанып тұр. Не президент Янукович я болмаса Үкімет көп ұзамай орнына кетеді» деп жорамал жасауда. Дегенмен Янукович пен Путиннің соңғы бірер айда үш мәрте құпия кездесуі біраз дүниеге әсер еткен сияқты. Соның әсері болар, Вильнюсте өтетін Еуродақтың саммитіне бір апта қалғанда Киев Мәскеуге қарай жалт берді. Мұны елдің премьер -министрі Николай Азаров: «әзірге Еуродақпен келісім нақтыланған жоқ. Бізге тиімдісі - Ресей және ТМД аймағы. Бұларға жақындасу экономиканың барлық саласына оңды нәтиже береді. Себебі баяғыдан Украинаның экономикасы Ресеймен бірге болып келген. Екіара ажырайтын болса, біздің өндіріс орындарымыз құрдымға кетеді» деген екіұштылау ойымен түсіндірді. Бірақ оппозиция: «Путин Януковичке 20 миллиард доллар ұсынды. Сондай-ақ 2015 жылы болатын президенттік сайлауда екінші мәрте билікте қалуына қолқабыс жасаймыз деп уәде берді. Қара басының қамын ойлаған президент Еуродаққа емес, енді Ресейдің қойнына кірмек. Бұл - сатқындық. Бірақ біз бұған жол бермейміз» деседі. Наразылық тым күшейіп бара жатқан соң, президент Янукович амалсыз жергілікті телеарналарға сұхбат берді. Онда ол Еуродақпен арада жасалатын келісімнен неге бас тартқанын айта келе: «Олардың талабы ақылға қонымсыз. Айтатындары Дүниежүзілік вальюта қорымен алдымен келісімге отыр дейді. Ал ол ұйымның талабы тым зор. Олардың дегенімен жүретін болсақ елде экономикалық өсім тоқтайды. Әлеуметтік сала тоқырайды. Тұрғындар үшін барлық тарифті көтеру керек. Бірақ айлық пен зейнетақы сол қалпында қалмақ. Бізге осы керек пе? Жоқ. Тіпті ұсынып отырған қаржының өзі бізді қорлаудың бір түрі. Бар жоғы - 610 миллион еуро. Бұл не? Бұған көнуге бола ма? Әрине жоқ!». Еуродақ түрмеде отырған экс - премьер министр Юлия Тимошенконы бұғаудан шығар деген райынан қайтар, әу баста Одақтың құрамына өтпей тұрып, Украина өндірісін заманауи деңгейге жеткізу үшін сұраған 150-165 миллиард доллар қаржы мәселесі де шешіліп қалар. Киевтің күткені осы. Ал Мәскеу қайтпек? Не ұсынбақ? «Юлия Тимошенко түрмеден шықса, 2015 жылғы президент сайлауында ең бірінші бәсекелесің осы болады» деп тағы да Януковичті қорқыта бермек пе? Әлде Киев сұрап отырған бағасы арзандатылған газға келісім бере ме? Демек көктемге дейін Еуродақ, Киев және Мәскеу арасында текетірес жалғаса бермек. Бірақ көшеге шыққан наразы топ, Януковичті және оның Үкіметін тақтан кетіруге ынталы оппозиция қол қусырып отырмасы анық. Өйткені алаңға жиналғандардың қарқыны қатты, деп түйіндейді мақала авторы.