Украинадан Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға қатысты қанша өтінім болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Украинадан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Украина аумағынан шекара арқылы осы күндері 450-ден астам адам эвакуацияланды. Қазіргі уақытта Киевте, Львовте бір топ жиналып жатқаны айтылды. 80-ге тарта адам бүгін шекарадан өтеді деп күтілуде», - деді Ш. Нұрышев Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол Қазақстан азаматтарынан қанша өтінім келіп түскенін айтты.
«Консулдық қызметте 1,6 мыңға жуық тіркелген. Эвакуация бойынша 660 адамнан өтінім келіп түсті», - деді Шархат Нұрышев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Украинадағы Қазақстан Елшілігінде 8 қызметкер қалды. Бұл қызметкерлер Қазақстан азаматтарын елге жеткізу жұмыстарымен айналысып жатыр.